Мамандықтың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері
Адамның жан дүниесі әуенсіз болуы мүмкін емес. Әуен немесе ән адамның жан дүниесін байытып, оның өмірінің сәнді, қызықты болуына себебін тигізеді, рухани байытып тәрбиелейді.
Жақсы әнді немесе күйді дүниеге келтіру үшін музыкантшының ең негізгі көмекшісі – музыка аспаптарын дайындау шебері. Шебердің дайындаған аспабы үлкен өнер туындысы болып саналады.
Музыка аспаптарының көпшілігі ағаштан және ағаш материалдарынан жасалады. Оған себеп болған ағаштың жоғары физика-механикалық қасиеттері, жақсы өңделулігі, әдемі сыртқы пішіні.
Ұлттық музыка аспаптарының түрлері де сан алуан және олардың құрылыс ерекшеліктері, дыбыс диапозоны, жасалу жолдары да әртүрлі болып келеді.
Еңбек процессінің қысқаша сипаттамасы
Ертеде шеберлер ұсталық және арнайы құралдардың санаулы түрлерін қолданса, қазіргі өндіріс пен шеберханаларда электрлі, механикаландырылған құралдар мен жаңа материалдар енгізілген.
Болашақ шебер тек музыка аспаптарын дайындау технологиясымен ғана шектеліп қоймай, музыка аспаптарындағы дыбыс гармониясын және физикалық процесстерді сезініп, түсіне білу керек.
Аспаптар жасау шебері ағаш материалдарының түрлерін, негізгі қасиеттерін құрамы немесе құрылысын білу қажет.
Аспаптарды дайындау кезінде ағаш материалдарды негізгі өңдеу түрлері: аралау, сүргілеу, қашау, бұрғылау, желімдеу, лактау.
Ағаш материалдарын іріктеп таңдайды. Таңдап алынған ағаштарға белгі салады. Содан кейін дайындамаларды өлшем бойынша қолмен немесе станокпен кеседі. Дайын бөлшектерден әр аспаптарға жеке қалып жасалып, құрастырылады. Қосылыстар желіммен желімделіп кептіріледі. Кептірілген дайын аспапты тазартып әрлеуге дайындайды. Соңғы операцияда әрлейді – бетіне лак жағады. Сонымен қатар құлақ, тиек, түйме, өрнек ойып дайындап, оларды орындарына орнатып мен ішегін тағады.
Аспаптар жасауда қолданатын құрал-жабдықтар: ара, сызғыш, метр-өлшеуіш, қашау, сүргі, арнаулы пеш, бұрғы және т.б.
Шебер білуге тиісті:
– ағаш ұсталық бұйымдардың құрылысын;
– ағаш ұсталық операциялар түрлері мен оларды орындау реттілігін;
– қол, электрленген аспаптардың, ағаш өңдейтін станоктардың құрылымын;
– желім ерітіндісін дайындау әдістерін;
– сызбаларды оқу ережелерін және т.б.
Шебер істей білуге тиісті:
– ағаштың сырткы нышаны бойынша ағаш түрін, материал сапасын, ақауларын анықтауды;
– дайындамалар, үлгілер, тетіктер, аспаптарды орынды жайғастыруды;
– барлық ағаш ұсталық аспаптарды қолдануды;
– ағаш ұсталық бұйымдарды тазалау мен жинақтауды.
Мамандықтың негізгі талаптары
Қол қозғалысының ширақтығын, зейін тұрақтылығын, сақтықты, кеңістік ойлауды, көркемдік талғам, жақсы көзөлшемділік, музыкалық талғамы мен есту қабілеті.